Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

«Айгөлек»ортаңғы тобында өткізілген мерекелік ертеңгілік

Тақырыбы: 

«Аяулы анашым»

  

       Өткізген тәрбиеші:З.Копжасарова

  

 Мақсаты: 

  8 Наурыз –Аналар мерекесіне орай ұйымдастырылатын іс-шаралар арқылы бүлдіршіндерді шығармашылыққа баулу,сұлулықты сезіне білуге,мейрімділікке, үлкенді құрметтеуге , ана еңбегін қадірлей білуге тәрбиелеу.

Балалар залға қол ұстасып, жұптасып әдемі әуенде кіреді

 Тәрбиеші: 

— Қымбатты аналар, қонақтар, «Айгөлек» ортаңғы  тобының

«Аяулы анашым» атты мерекелік ертеңгілігіне қош келдіңіздер!

 Бүгін наурыздың 8 – і

Сұлулықтың негізі

Әдемі сөз адамның

Анаға айтар лебізі

Сіздерді көктем айының алғашқы мерекесі 8 наурыз – аналар күнімен құттықтаймыз! Әрқашан дендеріңіз сау, көңілдеріңіз жайдарлы бола берсін!

Тәрбиеші:

— Балалар, қараңдаршы, айнала қандай әдемі , қазір жылдың қай мезгілі?

Балалар:

— Көктем мезгілі.

Тәрбиеші:

— Дұрыс балалар, көктем мезгілі.

-Ал далада қар бар ма?

-Қар еріп,неге айналып жатыр?

-Ия,суға айналып жатыр.

 — Ал көктем мезгілінің алғашқы мерекесі қалай аталады?

-Әрине,әжелер,аналар,қыздар мерекесі.

Жүргізуші:

— Балалар қар еріп, құстар ән салып, алғашқы гүлдер шығуда. Адамдарға қуаныш сыйлайтын сиқыршы көктем. Олай болса мерекеге көктемді шақырайық.

(ортаға ару көктем кіреді)

 Ару көктем:

Саламатсыздар ма, балалар! Менімен бірге күн жылынып, айнала сұлуланып нұрланып тұр

Сәлем, сәлем, балақайлар.
Қуаныңдар алақайлап.
Құстар әнін ала келдім,
Жерге кілем жаба келдім.
Жан бітіріп табиғатқа,
Гүлдерімді ала келдім.

(себеттегі гүлдерін көрсетеді)

Барлықтарыңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын. Денсаулық, қуаныш, сұлулық тілеймін.
Жүргізуші:

— Сиқыршы көктем, біздің шақыруымызды қабыл алып мерекемізге келгеніңізге рахмет.
Көктем:

-Мен қалай келмеймін. Бүгін сондай керемет күн- әжелер мен аналар және қыздар мерекесі.
Балалар, мен сендердің әже, аналарыңның мерекесімен құттықтағым  келеді  және сендердің өнерлеріңді көргім келеді

Жүргізуші:

— Әрине біздің балалар шеттерінен өнерлі.

Тәрбиеші:
Той пердесін ашайық,
Тойға шашу шашайық.
Аналарды құрметтеп,
Ән маржанын шашайық.

Хор: «Ақ мамам»

Тәрбиеші:

 — «Ананың әрбір сөзі жылылыққа толы. Ананың көз нұры тастай мұзды да жібітеді»- демекші, балаларымыздың әжелеріне,аналарына арнаған тақпақтарын қабыл алыңыздар!

1.Айлин:
Анам болса қасымда
Басқа бақыт не керек.
Анашымның жүрегі,
Мейірімді ғой керемет

2.Айзере:
Сенен өскен балалар,
Батырлар мен даналар,
Құттықтаймын мерекеңмен,
Құрметті Аналар!

3.Айару:
Наурыздың сегізі,
Сұлулықтың негізі.
Әдемі сөз баланың,
Анаға айтар лебізі.

4.Жәдігер:
Аналарды сүйеміз
Ақылын ойға түземіз
Әжені де ардақтап
Әдеппен бас иеміз.

5.Айлин  Нұрланқызы:

Құшағыңа кіргенде,

Жылынамын бір демде.

Не жетеді көзіңе,

Мейірімді күннен де.

6.Мерейлім:

Үн қатасың бал тілмен,

Еркелеймін әр күн мен.

Құттықтаймын анашым,

Сегізінші наурызбен!

7.Қымбат:

Мәпелейсің мені анам,

Қолыңдағы құсыңдай.

Құлпыра өсіп дем алам,

Құшағыңда қысылмай.

8.Жансейіт:

Біліп тұрсың жан анам,

Міндеті үлкен ботаңның.

Күтері көп баладан,

Ана менен Отанның!

9.Ясин:

Әжемдей данадан,

Ертекке қанамын,

Шақырса даладан,

Жүгіріп барамын.

10.Кәусар:

Аялаған анашым,
Мәпелеген анашым.
Менің саған тілегім
Қартаймашы анашым

11.Расул:

Теңдесі жоқ данасың
Арқа сүйер панасың
Еңбегіңді ақтаймын
Аман болшы анашым

12.Аянат:

 Менің әжем, бұл әже
Айтқан сөзі дәл әжем
Аман болса көреді
Қызығымды әлі әже

Менің әжем, гүл әжем
Алтын әжем, күн әжем
Анам үшін мен үшін
Нағыз ана тілі әжем.

13.Ғани:

 Ақ жаулықты әжемді
Ай жүзіне теңедім
Мейірімін таусылмас
Күн нұрына теңедім.

14.Сардар:

 Ақ сүт берген балаңа
Күш — жігерін жұмсаған
Бұл өмірде жан ана
Тең келеді кім саған

15.Ұлдана:
Көктем келді жадырап
Күн нұрымен таласып,
Жайнай берші жарқырап
Жаны жайсаң аналар!

16.Қызғалдақ:
Апатайым анашым
Ақылы мол данасың
Қамқоршысы баланың
Гүлі сенсің әр үйдің

17.Ляйсан:

Мен тәртіпті баламын,

Айтқан тілді аламын

Анам жұмысқа кеткенде,

Үйде ойнап қаламын.

18.Жұлдыз:
Бізді өсірген анашым,
Еңбегіңіз зор екен.
Құтты болсын анашым,
Құтты болсын мерекең!

19.Асылым:

 Іш ауырса,тіс ауырса,

Мамам дәрі береді.

Барлық ана,барлық бала,

Оны жақсы көреді.

20.Айбике:

 Құтты болсын ақ анам
Сегізінші науырызың!
Қасымда бол әрқашан
Жансын жарық жұлдызың,
Тілейді бақыт бір саған
Әлпештеген ұл — қызың.

Би: «Нағыз жігіттер»
Көктем:

— Қандай керемет балалар!. Көп — көп рахмет балалар сендерге.
(Осы кезде көктемнің телефоны шырылдайды)
Көктем:

-Ия, не сұрақ, жапырақтар шықпай жатыр ма? Кірпілер де оянбай жатыр ма? Оларға көмектесу керек. Қазір ұшып келемін. Мінекей, балалар, менің басқа да жұмыстарым бар, маған кету керек. Бірақ мен сендерге босқа келмедім. Мен сендерге сиқырлы кітап тарту етемін. Міне ол. Аналарыңмен бірге оқыңдар. Сау болыңдар.

Тәрбиеші:

— Балалар туған күнде, мерекелерде аналарымыз дастарханға қандай тәтті тағамдар салады.
— Дұрыс айтасыңдар, кәмпитті балалар да, үлкендер де жақсы көреді. Кәмпитсіз дастарханның сәні кірмейді.

 (әсем әуенмен залға «Кәмпит – Ханшайым» кіреді)

— Кәмпит — Ханшайым:

Мен тәттімін,
Балалардың сүйікті дәмімін,
Мерекенің сәнімін,
Дастарханның әрімін.

— Сәлеметсіңдер ме, балалар, мені таныдыңдар ма? Мен, «Кәмпит — Ханшайыммын»
Тәрбиеші:

— Расында да, бізге тәтті «Кәмпит — Ханшайым» қонаққа келіпті. Қараңдаршы, кәмпиттері көп екен, тәтті десе тәтті екен. Қане өнерімізді көрсетейік.

 Ән: «Топ-топ,балақан»

Кәмпит — Ханшайым:

-Мен сендермен бір ойын ойнағым келіп тұр,ойынның аты «Анама көмектесемін» ол үшін  ортаға екі ұл шыға қойыңдар.(ойынды ойнатады)

— Сендерге көп — көп рахмет айтамын. Өздерің өнерлі, әдемі, тәртіпті екенсіңдер, мен сендерге ризамын. Енді мына қолымдағы ыдысты тәрбиеші апайларыңа беремін. Сендерге әкелген көптеген әртүрлі кәмпиттерім бар. Соны сыйлыққа бергім келіп тұр. Мен енді сендермен қоштасайын, басқа да балабақшада мерекелер болып жатыр, соған барайын.

 (Кәмпит — Ханшайым балалармен қоштасып шығып кетеді)
Тәрбиеші:
Мерекені қарсы алып,
Мәз болғанда барша жұрт,
Гүл ұсынып қыздарға,
Сыйлық бердім мен өзім — дей отырып қыздарға арналған сыйлығымызды табыс етуге рұқсат етіңіздер.

(Ұлдар қыздарға сыйлықтарын табыс етеді)

Тәрбиеші:

-Осымен бүгінгі мерекеміз аяқталды,бәріңізді мерекемен құттықтаймыз.Сау болыңыздар.